Батыс Қазақстан облысында жолаушылар автобусы өртеніп кетті. Оқиға Самара – Шымкент тас жолының Теректі ауданына қарасты бөлігінде болған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы dalanews.kz жазды. Өрт шыққан кезде автобус ішінде 37 жолаушы болған. Олардың барлығы көліктен өздігінен шығып үлгерген.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жетіп, өртті сөндірді. Тілсіз жауды ауыздықтауға сегіз құтқарушы мен екі техника жұмылдырылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Автобус Орал – Қаратөбе бағыты бойынша қатынаған. Жолаушылар арасында балалар мен егде жастағы адамдар да болған.
«Бұл Оралдан Қаратөбеге қатынайтын автобус. Әрең шығып үлгердік», – деген жолаушылардың бірі.
Қазіргі уақытта автобустың неден өртенгені нақтыланып жатыр.