Қарағандыда жер қазу жұмыстары кезінде 2003 жылы туған жұмысшыны топырақ басып қалды. Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары жұмылдырылды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Оқиға Қазыбек би атындағы аудандағы Молоков көшесінің маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, кәріз жүйесін тарту кезінде жұмысшылардың бірін топырақ басып қалған. Оның үстіне траншеяға су толған.
Оқиға орнына ТЖМ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жетті. Олар жұмысшылармен бірлесіп, зардап шеккен азаматты су мен топыраққа толған ордан алып шыққан.
«Оқиға орнына келген жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жұмысшылармен бірлесіп, зардап шегушіні су мен топыраққа толған траншеядан шығарды», – деп хабарлады ТЖМ.
Құтқару операциясы аяқталғаннан кейін ер адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Оның қазіргі жағдайы туралы қосымша ақпарат берілген жоқ.