$ 450.69
€ 505.04
₽ 5.45

«Заң мен тәртіп»: Алматыда заңсыз құрылыстар бұзылып, рұқсатсыз жұмыстар тоқтатылып жатыр

Редактор
21.10.2026, 13:00
Алматы қаласының әкімдігі
Алматы қаласының әкімдігі
Мегаполис әкімдігі рұқсатсыз салынған нысандарға қатысты шара қабылдап жатыр

Алматы қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен қала құрылысы талаптарын қатаң сақтау бағытындағы кешенді жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, қалалық ортаның эстетикасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан бақылау шараларының нәтижесінде, шаһардағы заңсыз бой көтерген коммерциялық нысандарды бұзу және рұқсатсыз қайта жаңғырту жұмыстарының жолын кесу әрекеттері жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Президент атап өткендей, елдегі тәртіп пен заң үстемдігі әрбір азамат пен кәсіпкер үшін бұлжымас ережеге айналуы тиіс.

Атап айтқанда Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы мамандары Розыбакиев көшесі, 292 мекенжайында орналасқан заңсыз нысанның көзін жойды. Жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің тиісті рұқсат құжаттарынсыз тұрғын үйге қосалқы нысан салып, оны дүкен және дөңгелек жөндеу орны ретінде заңсыз пайдаланып келгені әшкереленді. Басқарма өкілдері заң талаптарына сәйкес меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қолданып, жинақталған материалдарды Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолдады. Сот сараптамасы мен істі қарау нәтижесінде заңсыз салынған құрылысты бұзу туралы түпкілікті шешім шығарылды. Сот шешімін орындау аясында заңсыз салынған нысанды меншік иесі өз күшімен толықтай бұзды. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары қала аумағында тоқтаусыз жүргізіле береді.

Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» үстемдігін қамтамасыз ету аясында Достық даңғылы, 44-үйдегі «Три богатыря» тұрғын үй кешеніндегі №142 тұрғын емес үй-жайға да жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Басқарма мамандары меншік иесі — «Жаса Девелопмент» ЖШС-нің қажетті рұқсат пен жобалық құжаттарсыз қайта жаңғырту жұмыстарын бастағанын анықтады. Осыған байланысты нысан иесіне анықталған заң бұзушылықтарды жою, ғимаратқа техникалық тексеру жүргізу және белгіленген талаптар толық орындалғанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын уақытша тоқтату туралы міндетті нұсқама берілді.

Айта кету керек, тексеру барысында жүргізілген құрылыс жұмыстары ғимараттың көтергіш құрылымдарына кері әсер етпегені және олардың тұтастығына зақым келмегені анықталды. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі мен ақпараттандырылуын қамтамасыз ету мақсатында басқарма қызметкерлері тұрғындарды нысанға арнайы шақырып, тексеру нәтижелерін сол жерде егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Меншік иесі нұсқамада көрсетілген талаптарды толық орындап, қажетті ресми құжаттарды заңды түрде рәсімдегеннен кейін ғана құрылыс жұмыстарын қайта жалғастыра алады. Шаһардағы бақылау мен заңдылықты сақтау шаралары бұдан былай да күшейтіледі. Елімізде заң үстемдігін орнату – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала береді, деп атап өтті әкімдікте.