$ 470.8
 545.99
 6.6

Ұлытауда жасөспірім қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялаудың жаңа кезеңі басталды

Редактор
18.05.2026, 00:16
Фото: SHVETS production / pexels
Фото: SHVETS production / pexels
 Дәрігерлер қатерлі ісіктен қорғану үшін екпе алудың маңызды екенін еске салды .

Қазақстанда қабылданған «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында халық саулығын жақсарту және аурулардың алдын алу шараларына баса назар аударылып келеді. Заманауи медицинаның басты мақсаты – дертті асқындырмай, оның ерте бастан алдын алу.

Бұл ретте денсаулық сақтау жүйесі мен білікті дәрігерлердің кәсіби қызметіне деген халық сенімін арттыру маңызды рөл атқарады. Осы стратегиялық бағытта Ұлытау облысында ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам басталды.

Ұлытау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 қаулысына сәйкес, Ұлытау облысында 14–17 жас аралығындағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қосымша вакцинациялау науқаны басталғанын хабарлады. Бұл шара еліміздегі және өңіріміздегі әрбір бойжеткеннің болашақта ана бақытын сезінуіне және қауіпті онкологиялық дерттен қорғануына жасалған үлкен мемлекеттік қолдау болып табылады.

Департаменттің мәлімдеуінше, АПВ-ға қарсы вакцинация Ұлытау облысында 2024 жылдан бастап 11, 12 және 13 жастағы қыз балаларға жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар ведомство осы уақытқа дейін екпе алғандар арасында иммундаудан кейінгі ешқандай қолайсыз жағдайлар мен асқынулар тіркелген жоқ. Бұл отандық медицина мен қолданыстағы екпенің қауіпсіздігін, дәрігерлердің жоғары кәсібилігін дәлелдеп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді нығайта түсті.

Жауапты мекеме бұл процестің толық қауіпсіз әрі халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылғанын жеткізді.

«Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы облыста 14–17 жас аралығындағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қосымша вакцинация басталатынын хабарлайды. Қосымша иммундау дүниежүзінде сыналған «Гардасил» вакцинасымен 3 кезеңде жүргізіледі: бірінші доза — белгіленген күні, екінші доза — 2 айдан кейін, ал үшінші доза — 6 айдан кейін салынады. АПВ-ға қарсы вакцинация жатыр мойны обыры сияқты онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталғанын атап өткен жөн», — деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Өңірде бұл бағыттағы түсіндіру және инфрақұрылымдық жұмыстар ауылдық жерлерде де, қалалық деңгейде де теңдей ұйымдастырылған. Ауылдық амбулаториялар мен қалалық емханалар қажетті препараттармен толық қамтылған. 

Айта кетейік, вакцинация мемлекет есебінен тегін, толықтай ерікті түрде және тек ата-аналардың немесе заңды өкілдердің ресми келісімімен ғана жүзеге асырылады. Екпе егу шаралары білім беру ұйымдарының арнайы жабдықталған заманауи медициналық кабинеттерінде және қыздар тіркелген емханаларда жүргізіледі.