Шымкентте бір пәтерде бес адам иіс газынан уланып, 15 жастағы қыз бен төрт жасар ұл көз жұмды. Қайғылы жағдайдан аман қалған аналардың бірі баласының қайтыс болғанын әлі білмейді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оқиға Күншығыс шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, пәтерде екі әйел балаларымен бірге тұрған. Олардың бірі есін жиған соң жедел жәрдем шақырғанымен, екі баланы құтқару мүмкін болмаған.
Марқұмдардың туысының айтуынша, балалар газ колонкасынан шыққан иіс газынан уланған. Төрт жасар бала көрпенің астында ұйықтап жатқан күйі көз жұмған. Қазір 1999 жылы туған әйелдің жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылды. Ал оның үш жасар қызы әлі жансақтау бөлімінде жатыр.
Ең ауыр жағдай – ауруханада ем қабылдап жатқан әйел төрт жасар ұлының өмірден өткенін әлі білмейді.