Алматыда Жамбыл облысынан келген ағайынды екі азамат ұсталды. Арнайы операция барысында полиция қызметкерлері 113 келіден астам есірткі затын анықтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Алматы қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, мегаполисте ағайынды екі азамат ұсталып, олар тұрған үйдің аумағынан 113 келіден астам есірткі табылған. Осылайша Жамбыл облысынан каннабис тобына жататын есірткі заттарын жеткізу арнасының жолы кесілді.
«Алатау ауданында арнайы жасақтың күштік қолдауымен полиция қызметкерлері Жамбыл облысының тумалары – бұрын есірткі қылмыстары үшін сотталған ағайынды екі азаматты ұстады. Үйдің аумағын тексеру кезінде өсімдік тектес заттар жасырылған орындар анықталды. Екі қорап пен үш пакетке салынған есірткі заттары, сондай-ақ каннабис тобына жататын 26 түп өсімдік тәркіленді. Сараптама нәтижесінде 100 келіден астам кептірілген марихуана мен 13 келіден астам гашиш тәркіленгені расталды», – деп хабарлады Полиция департаменті.
Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 113 келіден асты. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, істің барлық мән-жайы мен есірткі жеткізу арнасына қатысы болуы мүмкін өзге де адамдар анықталып жатыр.