Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында полиция қызметкерлері санитарлық жағдайы өте нашар үйде тұрып жатқан төрт баланы анықтады. Балалар шұғыл түрде отбасынан алынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Риддер қалалық полициясының мәліметінше, жағдай «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Полиция, пробация қызметі және қорғаншылық органдарының өкілдері тұрмыстық жағдайы қолайсыз отбасын тексерген.
Тексеру кезінде үйде азық-түлік пен ауызсу болмағаны, санитарлық жағдайдың өте нашар екені белгілі болды. Аталған отбасында 2020–2025 жылдар аралығында дүниеге келген төрт кәмелетке толмаған бала тұрған.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар шұғыл түрде отбасынан алынды. Үш бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, тағы біреуі Риддер қалалық ауруханасына жеткізілді. Оқиғаның өзге мән-жайлары туралы әзірге қосымша ақпарат жарияланған жоқ.