Түркістанда қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкері қаза болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 2 шілдеде болған. Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару барысында қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков қайғылы жағдайда көз жұмды.
"Патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өз әрекетімен жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндірген көлік жүргізушісін тоқтатуға шыққан. Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында "Chevrolet Cobalt" қызметтік автокөлігін мінген полиция қызметкері жол апатына түсті", - дейді полиция.
Бауыржан Қонысбеков оқиға орнында көз жұмды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
"Полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков антқа адал, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарды. Ішкі істер министрлігі, Түркістан облысы полиция департаменті және ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", - дейді Түркістан облысының полиция департаменті.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те марқұмның отбасына көңіл айтты.