$ 471.45
 547.21
 6.63

Түркістанда жасанды жаңбыр технологиясы іске қосылды

Редактор
18.05.2026, 14:47
Фото: дереккөз
Фото: дереккөз
Жаңа қондырғы құрғақшылықпен қалай күреседі?

Қазақстан Орталық Азия өңірінде жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологияларын тәжірибелік тұрғыда қолдануға көшкен алғашқы ел атанды. Түркістан қаласында су қоймаларын толықтыру деңгейін арттыруға және елдің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын су ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған бірегей жобаның салтанатты іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz. 

Аталған жоба Қазақстанда алғаш рет қолданыла бастады. Инновациялық жоба Түркістан облысындағы жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға арналған. Жоба 1980-жылдардың соңынан бері ауа райын модификациялау саласында көпжылдық тәжірибесі бар БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Жобаны толық ауқымда іске асыру 17 мамырдан басталды..

Салтанатты рәсімге ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті Абдулла Ахмед Әл-Мандус, БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммад Саид Мұхаммад Әл-Арики және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде жаңа технологияның өңір экономикасы мен аграрлық секторы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Бүгінде Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан егін алқаптарын тұрақты суару, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізу – біз үшін өте маңызды.

«Бүгінде бүкіл әлем климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің азаюы және су ресурстарының тапшылығы сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді. Президентіміз кеше қадірлі қонағымыз Абдулла Ахмед Әл Мандус мырзамен өткізген кездесуінде Дүниежүзілік метеорология ұйымының климат, су ресурстары және табиғи апаттардың алдын алу бағытындағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді», деді өңір басшысы. 

Сонымен қатар ол республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 575 мың гектар жер біздің облысымызға тиесілі екенін атап өтті. 

Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану облыс үшін стратегиялық маңызды міндет болып отыр. Себебі жаһандық климаттың өзгеруі оңтүстік өңірлерге өз әсерін тигізіп отыр. Бұл ретте өңір басшылығы мәселені шешу үшін су үнемдеу технологияларын қарқынды енгізіп жатыр. 

«Соңғы үш жылда 114 мың гектар жерді заманауи жүйеге көшірдік. Алдағы бес жылда қосымша 250 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы біз алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін арттырамыз», — деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары жауын-шашын көлемін 10-20%-ға дейін арттыруға қауқарлы. Бүгінгі таңда осыған ұқсас әдістер АҚШ, Қытай, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында сәтті қолданылып келеді. Мамандардың есептеуінше, жобаның сәтті жүзеге асырылуынан келетін әлеуетті экономикалық тиімділік жылына 35 миллиард теңгеге дейін бағаланады.

Технологияның әсер ету аумағы жергілікті сипатқа ие (радиусы 5 шақырымнан аспайды) және ол ауқымды ауа райы құбылыстарына әсер етпейді. Жұмыс барысында халықаралық стандарттарға сай экологиялық қауіпсіз, тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады. 

Қазіргі таңда БАӘ мамандары отандық метеорологтарды, ұшқыштар мен инженерлерді жаңа жүйемен жұмыс істеуге баулып, оқыту курстарын бастап кетті. Болашақта бұл тәжірибені Қазақстанның өзге де құрғақшылыққа тап болған аймақтарына енгізу жоспарланып отыр. 

Еске салсақ, Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл елдің оңтүстігіндегі су қоймаларының толық көлемде толмау қаупі барын хабарлаған болатын. Үкімет алдағы вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерде суармалы судың тапшылығы 1 млрд текше метрге жетуі мүмкін деп отыр. Мәселеп,  Шардара су қоймасына келетін ағын су 43%-ға төмендеді, ал Нарын-Сырдария каскадының ірі резервуарларындағы қорлар былтырғы көрсеткіштерден 3,8 млрд текше метрге төмен. Осыған байланысты суару маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін Үкімет су ресурстарын қатаң реттеуге көшті. 

Сонымен қатар «Қазгидромет» биыл жазда жауын-шашын мөлшері аз болады деп болжап отыр, соның салдарынан елдің жекелеген аудандарында қуаңшылық болуы мүмкін.