Төрт өңірдің жас өнерпаздары Табылды Досымовтың әндерін шырқады
Атырауда ақын, композитор, бард Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Самала саздар сағымы» атты батыс аймақтық ән байқауы өтті.
Атырауда ақын, композитор, бард Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Самала саздар сағымы» атты батыс аймақтық ән байқауы өтті. Байқауға Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облысынан 19 өнерпаз қатысты, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Әншілер байқау шартына сәйкес гитарамен ән шырқады, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Алғаш рет өткен байқаудың қорытынды концерті Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті. Театр залы көрерменге лық толды.
«Елінің, ұлтының шынайы патриоты екенін ісімен де, әндерімен де дәлелдеген Табылды Досымовтың поэзиясы мен әні – артына қалдырған мол мұрасы. Оның әндерін насихаттайтын ізбасарлары аз емес. Болашақта әндерін шырқайтын жас өнерпаздар көбейе түстініне сенемін. Өйткені, оның әндерінің астарында өмірлік мақсат, философиялық ой бар», - деді облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
Қазылар алқасы байқаудың бірінші жүлдесіне атыраулық өнерпаз Ізбасар Самиғоллаевты лайық деп тапты. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысының өкілі Зибатолла Ешқаев пен жергілікті әнші Орынбасар Жұмаханов иеленді. Ал, үшінші жүлде ақтөбелік Батырбек Аманқұлов пен маңғыстаулық Серікбол Жетібаевқа, атыраулық Азамат Жұмағалиевке берілді.
Іс-шарада Табылды Досымовтың өнері мен шығармашылығына арналған «Самала саздар сағымы» кітабы таныстырылды. Сондай-ақ Табылды Досымовтың ұлы Абыл Аяш, Ұлттық Ұлан ансамблінің әншісі Асхат Әмірғалиев, жергілікті өнерпаздар мен байқау жүлдегерлері өнер көрсетті.