Саясат

Тоқаев Садыр Жапаровты Жогорку Кенеш сайлауының табысты өтуімен құттықтады

18:45, 30 қараша 2025 45

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы бұл айтулы саяси оқиғаның нәтижесі Қырғызстанды одан әрі дамыту жолындағы стратегиялық міндетті орындаудың батыл қадамы саналатынын атап өтті.

«Парламент сайлауы Сіздің қуатты әрі өркендеген ел құру бағдарыңыз халықтың жаппай қолдауына ие болғанын көрсетті. Стратегиялық серіктестік пен одақтастық сипатындағы қазақ-қырғыз қатынастары қарқынды дамып келеді. Ғасырлардан тамыр тартатын достығымызға, тату көршілік байланысқа және өзара қолдауға арқа сүйей отырып, жетістіктерімізді еселей түсетінімізге әрі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратынымызға сенімдімін», – деп жазды президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың бауырлас қырғыз халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз