Кездесу барысында Президент Саида Мирзиёеваның Астанаға сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі. Өйткені Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын еске салды.
Президенттің айтуынша, бүгінде әлем жасанды интеллект технологияларын қарқынды дамыту жолына түскен, сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан бұл бағыттағы ынтымақтастықты күшейтуі қажет.
– Мен Бұхараға жасаған жұмыс сапарымды ризашылықпен еске аламын. Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзиёева Шавкат Мирзиёев