Шымкентте соңғы уақытта халық көп жиналған орындарда жанжал шығарып жүрген Ұлжан есімді тұрғынның әрекетіне қатысты қосымша мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Әйел әкімдікке бірнеше рет келіп, мәселесін диалог арқылы емес, айқай-шу арқылы шешуге тырысқан. Ол мемлекеттік мекемелерде жанжал шығарып, өзін видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде тікелей эфир жүргізіп отырған.
Сондай-ақ айналасындағы адамдарды да рұқсатсыз камераға түсіріп, әкімдік қызметкерлерін жағымсыз қырынан көрсетуге әрекеттенген.
Белгілі болғандай, тұрғын көтеріп жүрген мәселе қоғамдық емес, жеке сипаттағы талаптарға байланысты. Оның негізгі талабы — атаулы әлеуметтік көмек алу және тұрғын үй кезегіне жеңілдікпен ілігу.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, атаулы әлеуметтік көмек заң талаптарына сәйкес тағайындалады. Алайда азаматшаның әлеуметтік көмек алуына негіз болмағандықтан, оған бұл төлем түрі рәсімделмеген. Осыдан кейін ол әкімдік қызметкерлерінің кабинеттеріне кіріп, наразылық білдіре бастаған.
Сонымен қатар оған бірнеше рет жұмыс ұсынылғаны айтылды. Атап айтқанда, жалақысы 350 мың теңгеге дейін жететін бос жұмыс орындары ұсынылған. Жалпы саны 40-қа жуық мекемеден 70 вакансия берілгені хабарланды. Бірақ тұрғын ұсынылған жұмыстардан бас тартып, жоғары жалақы талап еткен.
«Маған 400–500 мың теңге жалақы болмаса, жұмыс істемеймін», — деген уәжбен ол ұсыныстарды қабылдамағаны айтылады.
Ресми мәлімет бойынша, соңғы алты жыл ішінде бұл азаматқа әлеуметтік төлемдер мен қаржылай көмектер көрсетілген. Сонымен қатар демеушілер тарапынан да түрлі қолдау болған. Алайда кейін заң талаптарына сәйкес бұл көмектер тоқтатылған.
Осыдан кейін тұрғын өз мәселесін әлеуметтік желі арқылы жариялап, әкімдікке қатысты наразылықтарын жиілеткен.