$ 480.72
 548.07
 6.14

Тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталды – Президент қазақстандықтарға үндеу жасады

Редактор
01.07.2026, 08:32
Фото: Конституциялық сот
Фото: Конституциялық сот
Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты халыққа үндеу жариялап, бұл күнді ел тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деп атады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Президенттің айтуынша, жаңа Ата Заңның күшіне енуі – бүкіл ел үшін тарихи әрі айрықша маңызды оқиға. Оның пікірінше, бүгіннен бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталып, мемлекет саяси және экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістер мен қарқынды дамудың жаңа жолына қадам басты.

Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз.

Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда халық ел тағдырына тікелей ықпал ететін тарихи таңдау жасағанын атап өтті. Оның сөзінше, миллиондаған қазақстандық бірлік пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.

15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетінін айтып, бұл шешімнің символдық мәніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл мереке көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата Заңның қағидаттарымен ұштастырып, елдің бірлігі, білімге ұмтылуы және адал еңбек құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция елдің құқықтық негізін нығайтып, Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен табиғатты аялау сияқты басты құндылықтарды қоғамда орнықтыруға жол ашатынын айтты.

Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениет көшінен орын алатын, әр азаматтың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз. Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы барлық жоспарымызды жүзеге асырамыз, – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтап, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне және халықтың амандығына тілектестік білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау