Шымкентте ақша бопсалаумен айналысқан блогер мен сыбайластары ұсталды, деп хабарлады bairaqmedia.kz.
Олар азаматтарды әлеуметтік желіде беделге нұқсан келтіретін бейнематериалдарды жариялаймын деп қорқытып, ақша бопсалаумен айналысты деген күдікке ілінді.
"Жедел іс-шаралар барысында Instagram желісінде 150 мыңға жуық оқырманы бар жергілікті блогердің үш сыбайласымен бірге кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерді әдейі бейнетаспаға түсіріп жүргені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Күдіктілер қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі ықтимал тәртіп бұзушылықтарды, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке қатысты болуы мүмкін заң бұзушылықтарды сылтау етіп, түрлі бейнематериалдар жинаған.
Кейін сол бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарияламау үшін азаматтардан ақша талап еткен.
Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.