$ 469.49
 552.59
 6.24

Солтүстік Қазақстанда 2 млрд теңге бюджет қаражаты жымқырылған

Редактор
21.04.2026, 14:25
Фото: Paryz.kz
Фото: Paryz.kz
Жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға бұғау салынды

Петропавл қаласында автожол өтпежолын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

2023 жылдың тамыз айында Петропавл қаласы әкімдігінің "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ мен "БУКА" ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған.

"Шартты орындау барысында мердігер ұйым жұмыс кестесін жүйелі түрде бұзған. Тергеу деректеріне сәйкес, мердігер ұйымның директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, нақты орындалған жұмыс көлемі туралы жалған мәліметтер көрсетілген актілерді рәсімдеуді және оларға қол қоюды ұйымдастырған", - деп жазылған хабарламада.

Аталған құжаттардың негізінде мердігер ұйымның шотына бюджет қаражаты негізсіз аударылған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға бұғау салынды.

Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.