Әскери есепке тұру бұрын қай-қайсымыз үшін де уақыт пен жүйкені талап ететін күрделі процесс болатын. Кезек күту, анықтама жинау, түрлі мекеменің табалдырығын тоздыру... Осының бәрі қалыпты жағдай еді. Алайда соңғы жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан цифрландыру саясаты бұл жүйені түбегейлі өзгертіп, әскери комиссариаттың өзін виртуалды форматқа жақындатты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
2023 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Smart военкомат» жобасы осы өзгерістердің өзегіне айналған. Бүгінде әскери есепке алу, шақыру және медициналық тексеру процестері толықтай дерлік автоматтандырылып, мемлекеттік деректер базаларымен біріктірілген. Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, бұл жүйе тек қызметті жеңілдетіп қана қоймай, бүкіл әскери есеп архитектурасын жаңаша деңгейге көтерген.

«Интеграциялық шлюз арқылы автоматтандырылған жұмылдыру ресурстарын есепке алу жүйесі енгізілді. Соның арқасында жеке әскери есеп толық цифрлық форматта жүргізіледі және мемлекеттік органдар арасындағы дерек алмасу айтарлықтай жеделдеді. Сонымен қатар «е-Медосмотр» жүйесі медициналық тексеру процесін автоматтандырып, азаматтардың әскерге шақырылуына дейінгі кезеңін толық цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік берді. Бұл уақытты үнемдеу ғана емес, бүкіл процестің ашықтығын арттыратын маңызды қадам дер едім», – дейді ол.
Бұл өзгерістердің нақты нәтижесі де бар екені байқалады. Бұрын әскери комиссариатқа міндетті түрде баруға тиіс болған азаматтардың едәуір бөлігі бүгінде бұл қажеттіліктен толық босатылған.

«Цифрландырудың арқасында бір миллионнан астам азаматқа әскери комиссариатқа барып әуре болудың қажеті жоқ. Мәселен, бұрын тұрғылықты мекенжай ауысқанда әскерге шақырылушы міндетті түрде қайта тіркелетін болса, қазір бұл процесс автоматты түрде жүзеге асады. Сол сияқты, жұмысқа орналасу кезінде талап етілетін анықтамаларды да мемлекеттік жүйелерден тікелей алуға болады. Бұл азаматтарға да, мемлекеттік қызметкерлерге де түсетін жүктемені айтарлықтай азайтты», – деп атап өтті Дархан Ахмедиев.
Жүйенің тағы бір маңызды ерекшелігі – әскери есепке алу мен шақыру процестерінің толық интеграциялануы. Яғни, азамат туралы барлық дерек бір жүйеде жинақталып, нақты уақыт режимінде жаңарып отырады. Министрліктің ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті өкілдерінің мәліметінше, бұл тәсіл бұрынғы қағазбастылықты толық жойған.

«Бүгінде азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру үшін бұрынғыдай шабылып, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлық қажетті ақпарат мемлекеттік деректер базалары арқылы автоматты түрде анықталады. Сонымен қатар электронды шақыру бұйрықтары қаржы ұйымдарына жіберіліп, азаматтарға несие демалысы сияқты әлеуметтік тетіктерді уақытылы іске қосуға мүмкіндік береді», – деді ведомство өкілдері.
Цифрландырудың тағы бір бағыты медициналық тексеруді автоматтандыру болатын. Бұрын шақырылушылар бірнеше күн бойы комиссиядан өтсе, қазір бұл процесс едәуір жеңілдеген. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жүйе тек ыңғайлылық емес, басқарудың жаңа моделін қалыптастырады. IT-сарапшы Нұрбек Сейдахмет бұл өзгерістердің стратегиялық мәніне назар аударады.

«Smart военкомат жай ғана сервис емес, бұл деректерге негізделген басқару жүйесі десем қателеспеймін. Мемлекет енді әскери ресурс туралы нақты әрі жедел ақпаратқа ие болады. Мұндай модель адами факторды азайтып, шешім қабылдау процесін жылдамдатады. Сонымен қатар ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді», – дейді сарапшы.
Бүгінде әскери есепке қатысты барлық негізгі мәлімет eGov пен mGov платформаларында қолжетімді. Азаматтар өз мәртебесін, қызметке жарамдылық деңгейін және басқа да ақпаратты бірнеше минут ішінде ала алады. Осылайша, әскери комиссариат біртіндеп нақты мекемеден гөрі цифрлық сервиске айналып келеді. Кезек, анықтама, қағаз – мұның бәрі өткеннің белгісі болып барады. Ал олардың орнын дерекқор, алгоритм және автоматты шешімдер басуда.
Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс алдағы жылдары одан әрі тереңдей түседі. Демек, жақын болашақта «военкоматқа бару» деген ұғым толықтай жойылып, оның орнына «жүйеде тіркелу» деген жаңа түсінік қалыптасуы әбден мүмкін.