Шымкентте өңдеу өнеркәсібі саласында 12 жоба іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды


Шымкентте өңдеу өнеркәсібі саласында 12 жоба іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Мемлекет басшысы елімізде өңдеу өнеркәсібін 1,5 есе ұлғайтып, еңбек өнімділігін арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта биыл құны 78,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның 12-сі іске қосылып, 67,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Онда 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішіндегі ірі жобалар:  Трансұлттық «COCA-COLA» компаниясының алкогольсіз сусындар өндіру жобасы. Құны — 27 млрд теңге, қуаттылығы — жылына 262 миллион литр дайын өнім шығарады. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары ашылды.  Келесі, «Wan Sheng Ceramic» компаниясы салған керамикалық тақтайшалар өндіру заводы жылына 13 миллион шаршы метр тақтайшалар өндіреді. Құны 25,5 млрд теңге, ашылған жұмыс орны 350 адамды қамтиды. Келесі жылы екінші кезеңі құрылысын бастап, жылына қосымша 12,5 миллион шаршы метр тақтайшалар өндіру жоспарлануда. Оның құны 12 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны шамамен 300 адамды қамтиды», - деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ әкім биылғы 10 айда қала экономикасының өсімі 12 пайызға жеткенін атап өтті. Оның ішінде тартылған инвестиция 9 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 27 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 42 пайызға, сауда көлемі 19 пайызға, көлік қызметі 26 пайызға, өнеркәсіптегі өнім көлемі 2 пайызға артқан.