Ақтөбеде домбыра секілді ұлттық аспаптарды «харам» деп атаған азаматтың жауапкершілікке тартылуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселеге қатысты белгілі кәсіпкер Сейітжапар Құралбек өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, бұл жағдай жай ғана бір адамның жеке пікірі емес, дінді тар аяда түсінудің және ұлттық құндылықтарды дінге қарсы қою әрекетінің көрінісі.
– Бабаларымыз ұстанған Ислам ілімінде шектен шығуға қатаң ескерту жасалған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Дінде шектен шығудан сақ болыңдар. Сендерден бұрынғыларды шектен шығу құртып жіберді» деп өсиет еткен. Бұл сөздің мәні терең. Дін бар нәрсеге тыйым салу немесе қатайту емес, керісінше адамды тепе-теңдікке, байыптылыққа бастайтын жол екенін ұмытпауымыз керек, – деді ол.
Сейітжапар Құралбектің сөзінше, қазақ халқы ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Әбу Ханифа мәзһабы ақылға, қоғамның ерекшелігіне және дәстүрге мән беретін бағыт ретінде қалыптасқан.
– Сондықтан біздің даламызда дін мен дәстүр ешқашан бір-біріне қарсы қойылған емес. Керісінше, өзара үйлесім тапқан. Ал домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – халықтың жадын сақтаған шежіре, ұрпақ тәрбиесінің құралы, рухани сабақтастықтың символы. Оны жоққа шығару өткенмен байланысты үзуге ұмтылумен тең, – деді кәсіпкер.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде әлеуметтік желіде ұлттық аспаптарға қатысты даулы пікір айтқан азаматтың жауапкершілікке тартылғаны белгілі болған еді.