Алматы қаласы Наурызбай ауданының Шұғыла шағынауданында Республика күніне орай отбасылық демалысқа арналған жаңа қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Аумағы 1 гектарды құрайтын сквер қалалық инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналды. Шұғыла шағынауданы – Наурызбай ауданының әкімшілік орталығы. Мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, әлеуметтік нысандар да орналасқан. Алайда бұған дейін тұрғындардың серуендеп, демалуына арналған мұндай ауқымды абаттандырылған аумақ болмаған. Жаңа сквер осы қажеттілікті өтеп, тұрғындарға үйінің жанында бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

Аумақты көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда 200 ірі ағаш, 85 қылқан жапырақты ағаш, 30 мыңға жуық бұта және 1,5 мың раушан гүлі отырғызылды.

Тұрғындардың жайлылығы үшін жаяу жүргіншілер жолдары, орындықтар, жарықтандыру жүйесі және автоматтандырылған суару жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар абаттандыру элементтері қатарында субұрқақ, «Отбасы» композициясы, перголалар мен балалар ойын алаңы бар.

Қазірдің өзінде сквер шағынаудан тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып, отбасылық серуендеуге, кездесулер өткізуге және таза ауада тынығуға қолайлы жағдай жасауда.
