Қоғам

Құтты мекен – Көксарай: Түркістан облысында жаңа естелік саябағы ашылды

18:18, 08 мамыр 2025 48

Отырар ауданындағы киелі Көксарай ауылында Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында осы елдімекеннің тарихынан сыр шертетін жаңа естелік саябағы ашылды деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Саябақтың ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, игі бастаманың жүзеге асуына ат салысқан Оразхан Жанысбеков, Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков және Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай да қатысты. 

Саябақ жалпы саны 12 тарихи мемориалдық ескерткіштен тұрады. Оның көркіне сән беріп тұрған негізгі ескерткіш «Тәуелсіздік монументі» деп аталады.

Бұл жерден тарихта өшпес із қалдырған көксарайлықтар туралы мағлұмат алуға болады. Ескерткіштердің бірінде тұғыры биік тұлғалардың суреттері мен олар туралы ақпарат жазылған. Енді бірінде көксарайлық репрессия мен ашаршылық құрбандарының тізімі берілген. Ұлы отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлерге де үлкен ескерткіш арналған. Тыл және еңбек ардагерлері де назардан тыс қалмапты. Яғни, саябақтың биыл 80 жылдығы тойланып жатқан Жеңіс күні қарсаңында ашылуы тегін емес.

Мемориалдық ескерткіштерде көксарайлық батыр аналар мен ұлағатты ұстаздар, жалпы еңбегімен ел құрметіне бөленген тұлғалар туралы да деректер жазылған.  

Саябаққа жасыл желек отырғызылып, ауылға ерекше көрік беріп тұр. Бұл жер осы елдімекеннің тарихы мен мәдениетін насихаттайтын бірегей орынға айналмақ.

Айта кетейік, пайдалануға берілген саябақ ауыл жанашыры, «TOLAGAI-2050» компаниясының құрылтайшысы Оразхан Жанысбековтің бастамасымен салынған. Ашылу салтанатында Отырар ауданының әкімі оған ерекше алығысын білдірді. Әрі бұл әрбір қазақ азаматына үлгі боларлық игі іс екенін атап өтті.

 

Ашылып жатқан естелік саябағы соғыста батырлық жасаған аталарымызды құрметтеу, оларға жасалған тағзым болып саналады. Ауыл азаматының өнегелі ісі қазіргі жастарға үлгі болары сөзсіз, - деді Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай.

Оразхан Жанысбеков 2015 жылы «Құтты мекен-Көксарай» жобасын қолға алған болатын. Міне, естелік саябағы соның аясында ашылып отыр. Айта кетейік, Оразхан Жанысбеков бұған дейін Көксарайдың тарихи және этнографиялық мұрасын зерттеп, ғылыми ағартушылық жұмыстар атқарды.

Сондай-ақ, ауылға кіреберісте 5 мың түп ағаш отырғызып, оның жан-жағын мал кірмеуі үшін арнайы қоршатқанын айта кеткен жөн. Жазы өте ыстық өңірде қазір ағаштар тамшылатып суару әдісінің көмегімен жайқалып өсіп тұр.  

Мұнымен, Оразхан Жанысбековтің Көксарайдағы игі істері бітпейді. Былтыр ол ауылға «Tolagai» деп аталатын спорт кешенін салып берді. Бүгінгі мереке қарсаңында мұнда оқушылар арасында спорттық жарыс өтіп жатқанына куә болдық.

 

Туған жеріне үлкен қаржы мен күш жұмсау арқылы Оразхан Кенжеғұлұлы ауылдың әлеуметтік-мәдени дамуына орасан зор үлес қосып келеді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз