Алматыда 54 жастағы мүгедек әйел күтушісінің үстінен арыз түсірді. Оның айтуынша, арнайы агенттіктен келген ер адам оған дөрекілік танытып қана қоймай, қол жүгіртуге барған.


Қамқорлық көрсетудің орнына қорлауға тырысқан ба? Алматыда 54 жастағы мүгедек әйел күтушісінің үстінен арыз түсірді. Оның айтуынша, арнайы агенттіктен келген ер адам оған дөрекілік танытып қана қоймай, қол жүгіртуге барған. Ерекше күтімді қажет ететін әйелді ақыр соңында құлатып алған. «Көмекшінің кесірінен төсекке танылдым» дейді жарымжан әйел, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

54 жастағы Гүлжан Әбдірайымова — бірінші топтағы мүгедек, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

 Жүре алмайды. Емін-еркін қозғала алмаған соң, өткен айда интернет арқылы күтушілер агенттігін іздеп, көп ұзамай табады. Бірақ компания жіберген ер адам оған ұқыпты қараудың орнына күн көрсетпеді дейді.

Гүлжан Әбдірайымова:

— Қайта-қайта құшақтап, бетімнен сүйіп, ернімнен сүйгісі келіп, басымды тартсам да, ұстап алып басымды сүйіп, әр жерімнен сипалады. Маған түнде «адам деген шешініп жату керек, тыр жалаңаш жату керек» деп, қанша рет айтты. Өзі үйде тек іш киіммен жүрді.

Ер адам сол үйде түнеп, тәулік бойы қарағаны үшін күніне 12 мың теңге алып отырған. Әу баста ерсі қылығы байқалмады дейді. Бірақ кейін туысымның, танысымның жоқтығын біліп, тиісе бастағады дейді. Тіпті, құлатып алған. Беліне зақым келіп, сүйегі сыныпты. Бұған дейін өзі арбада отыра алса, енді төсекке танылып қалды.

Гүлжан Әбдірайымова:

— Күннен-күнге жағдайым жақсы болмай жатыр. Негізгі ауруым — жүре алмаймын. Енді бұлшық еттерім күннен-күнге жаман болып бара жатыр. Өліп бара жатқандай болып тұр. Күшім жоқ.

Артур есімді күтуші телефон тұтқасын көтермеді. Бірақ агенттік жауап беруден қашпады. Олар Гүлжанның хабарласқанын растап отыр. Алайда ер адамға «еш қатысымыз жоқ» дейді.

Татьяна Васильева, «Сарыжол» агенттігінің директоры:

— Гүлжан маған қыркүйекте хабарласты. Ол бірінші топтағы мүгедек болған соң, бір орындықтан екінші жерге отырғызу үшін көтеру керек. Ал менің компаниямдағы күтушілердің бәрі — әйел. Олардың әлі келмейді. Бірақ Гүлжан тауып беруін сұрады. Осылайша мен интернет арқылы Артур есімді азаматты тауып, өзіне ұсындым. Адами тұрғыдан көмектескенім рас. Бірақ бұл ер адам менің қызметкерім емес. Мен оны танымаймын. Арада ешқандай келісімшарт жоқ.

«Күтушінің кесірінен төсекке танылдым» деген Гүлжан Әбдірайымова полицияға арыз жазған. Тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатқанын жеткізді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

— Аталмыш дерек бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасымен тергеу жүргізілуде. Кінәлі адамның іс-әрекетіне құқықтық тұрғыда баға беріліп, шара қолданылады. 

Күтушінің қандай жазаға тартылатыны енді сараптамадан кейін белгілі болмақ. Мүгедекке көшеден күтуші тауып бергені үшін агенттікке қатысты қандай шара қолданылатыны да белгісіз.