Қазақстанға Ресейден келген легионер спортшының барлығы Олимпиадада жеңіліп қалды

Редактор
10.08.2024, 23:01
Қазақстанға Ресейден келген легионер спортшының барлығы Олимпиадада жеңіліп қалды
Жүлде алғандардың барлығы Қазақстан тумасы

Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын 80-ге жуық спортшы қорғады. Олардың арасында басқа елде туып, Қазақстан атынан барғандары бар. Өкінішке қарай, легионер спортшылардың нәтижесі өте төмен. Бірде-біреуі жүлдеге іліккен жоқ.

Жалпы, олимпиадалық құрамада 11 легионер болды. Басым көпшілігі Ресейден келген. Мысалы, теннистегі Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина жарысқа мүлдем қатысқан жоқ. Алғашқысы Парижге барып тұрып жарақат алғанын айтса, соңғысы Түркиядағы демалысында бронхит болып ауырып қалдым деп сылтауратты. Александр Бублик пен Александр Шевченко жарысты бірінші айналымнан аяқтады. Бұл төртеуі де Қазақстанға Ресейден келген. Бублик пен Путинцева Қазақстан намысын 2012 жылдан бастап қорғап жүрсе, Рыбакина 2018 жылы азаматтық алған. Шевченко тек биылдан бастап Қазақстан туы астында өнер көрсетіп жүр. 

Украинада туған Александр Недовесов өзімен аттас Александр Бубликпен жұптық бәсекеде өнер көрсеткен. Бірақ ұзаққа бармады. Алғашқы айналымда бразилиялық теннисшілерге есе жіберді.