Қазақстанда автомобильдердің «көлеңкелі» импортына бақылау күшейтіледі
Елімізде, жалпы машина жасау саласындағы автомобиль үлесі 39,4% болды, ал есепті кезеңде жаңа машиналарды сатудың жалпы көлеміндегі отандық автомобильдердің үлесі 63%-ға жетті.
Осы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 130 мыңнан астам жеңіл автомобильдер мен коммерциялық техника шығарылмақ. Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева Үкімет отырысында машина жасау саласындағы қазіргі ахуал туралы баяндады.
Автоөндірушілердің алдында тұрған негізгі проблемалардың бірі логистика, сондай-ақ Қазақстанға түрлі қылмысқа қатысы бар және техникалық регламентке сәйкес келмейтін автомобильдерді әкелу мәселесі айтылды.
Осыған байланысты Премьер-министр мемлекеттік органға заңсыз жолмен жеткізілетін техникаларды елге кіргізбеу керектігін нақты тапсырды.
«Бұл өте өзекті мәселе. Отандық автоөндірушілер үшін жөн-жосықсыз бәсекелестік тудырады. Мұндай әрекет әсіресе жүк көлігінде байқалады. Кеден органдары, стандарттау комитеті бұл мәселемен байыпты айналысуға тиіс. Сондай-ақ полиция да қосылуы керек. Мен автомобиль зауыттарының бірінде өндірушілермен кездестім, олар: “біз өндіреміз, бірақ мұнда Еуро2 ретінде келетін техникамен бәсекеге түсе алмаймыз, оларда Еуро5 құжаттары қандай да бір ақылға сыйымсыз жолмен пайда болады” дегенді айтты. Мұнда қатаң тәртіп орнату қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.