Қазақфильм: Жер телімін сату туралы ақпарат жалған
«Қазақфильм» киностудиясы соңғы күндері Алматы қаласындағы Рысқұлов даңғылындағы жер учаскесі мен бұрынғы «Қазкино» кешенін сату туралы тарап кеткен ақпаратты жоққа шығарды. Қазір учаске мен ғимарат киностудияның меншігінде, ол сатылайды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының мәліметінше, бұл учаскеде авариялық жағдайда тұрған ғимарат бар. Қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін «Қазақфильм» басшылығы Алматы қаласы әкімдігінің өкілдерін тарта отырып, кешенді сараптама жүргізуді бастады. Сарапшылар ғимараттың қауіпсіздігіне шешімдер қабылдаған. Ал жер учаскесі мен кешенді сату туралы жалған ақпаратты таратқандардың үстінен «Қазақфильм» киностудиясы сотқа арыздануға құқылы екенін ескертеді.
«Қазақфильм» киностудиясының аумағындағы өткізу режимінің қатаңдатылуы туралы хабарламалар да шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы өткізу жүйесі қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және киностудия мүлкін қорғауға арналған. Мұндай шаралар әлемдегі барлық киностудияда қалыпты тәжірибе болып саналады және ұрлық, өртеу және басқа да оқиғалардың алдын алу үшін қажет. Жақында енгізілген қауіпсіздік шаралары студия аумағында болған өрт пен қызметкерлерге жасалған шабуыл сияқты оқиғаларға жауап ретінде жасалып, студияда жұмыс істейтіндердің барлығын қорғауға бағытталған, деп жазылған мәлімдемеде.
Жалған ақпаратқа мәлімдеме берген киностудия басшылығы киножобаларды қаржыландыру туралы ақпарат бере кетті. 2023 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 18 жобаны өндіріске жіберіп, олардың екеуі 100% қаржыландырылған. 10-ы 70%-дан астам, қалған сегізі 50%-дан төмен қаржыландыру алды. Кейбір жобаларды қаржыландырудың кешігуі Қазынашылық комитеттің кеш қаржы бөлуімен байланысты. Сонымен қатар, кешіктірілу есептердің уақытылы тапсырылмауымен де байланысты, бұл келесі транштарды алу үшін қажетті шарт.