Полицейлер жылқылардың иелерін whatsapp чатпен іздеп жатыр


Қарағанды қаласына кіреберісте орналасқан мал ұрлығына қарсы бекетте тұрған полиция қызмектерлері жүк көлігін тексеріп, үстіндегі жылқылардың ұрланғанын анықтаған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Полицейлер 2 қараша күні таңғы сағат 04:00 шамасында 57 жастағы азаматтың басқаруындағы КамАЗ автокөлігі тоқтатқан. Көлік ішінде жүргізушімен қоса 57 жастағы азамат және оның 29 жастағы ұлы болған.

Құқық қорғаушылар көлікті тексергенде 40 бас жылқы болған. Жүргізуші жылқылардың 57 жастағы жолаушыға тиесілі екенін айтқанымен, тексеріс кезінде нақты оған тиесілі екенін анықтайтын құжаттары болмай шыққан. Олар жылқыларды Ақтоғай ауданына қарасты қыстақтардың бірінен қалаға сатуға әкеле жатқан беті екен.

Жылқылардың нақты кімге тиесілі екенін анықтау мақсатында көлік полиция бөліміне жеткізілді. Криминалдық полиция қызметкерлері жылқыларды суретке түсіріп, Ақтоғай аудандық полиция бөліміне жолдап, кейін олар ауыл тұрғындары отыратын whatsapp чатқа таратқан, деп жазылған полиция хабарламасында.

Әлеуметтік желідегі чатқа таратылған фотолардың нәтижесінде аудан тұрғындарының жылқысын бағатын бақташы өзіне тиесілі екі жылқыны таныған.

Қазір барлық жылқы Үштөбе аулындағы үйлердің бірінің қорасына түсіріліп, ол жерге полиция қызметкерлері күзет қойған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тәртіп сақшылары қылмыстық істің негізінде басқа да жәбірленушілерді және қылмысқа қатысты тұлғаларды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр.