Қоғам

«Қаңғыбас жануарлар мен құстар да шомылады»: Қаладағы фонтандарға не себепті шомылуға болмайды

11:00, 16 шілде 2025 10

Астана әкімдігі фонтандарда шомылудың қаншалықты қауіпті екенін еске салды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, фонтандарда шомылуға қатаң тыйым салынған. Ол жерде жарақат алу қаупі жоғары. Сонымен қатар көптеген фонтан жарықтандыру және басқа да электр жабдықтарымен жабдықталған, ал бұл тоқ соғу қаупін туындатады.

Сол себепті барлық фонтанда шомылуға тыйым салынғанын білдіретін арнайы белгілер қойылған.

Фонтандар – қаланы көріктендіру элементтері. Олар ауаны ылғалдандыруға және эстетикалық мақсаттарға арналған. Бұл құрылғыларда суды сүзгіден өткізу және тазалау жүйелері қарастырылмаған.

"Фонтандар қоғамдық орындарда орналасқандықтан, олардың суы тез ластанады: ішіне қоқыс, жапырақ, шаң-тозаң, жәндіктер түседі. Онда қаңғыбас жануарлар мен құстар да шомылуы мүмкін, ал олар түрлі инфекциялардың тасымалдаушысы. Су – вирустар мен бактериялар үшін қолайлы орта. Ал ауа температурасының жоғары болуы микроағзалардың тез көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан фонтанда шомылуға ғана емес, тіпті қолды немесе жеміс-жидекті жууға да болмайды. Мұндай әрекеттерді тек ауыз суға арналған арнайы орындарда ғана жасау керек", - дейді Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев.

Зертханалық талдаулар көрсеткендей, мұндай суларда энтеро және ротавирустар, ішек таяқшалары, сальмонеллалар мен шигеллалар (дизентерия қоздырғыштары) сияқты жедел ішек инфекцияларын қоздыратын патогенді микроағзалар болуы мүмкін.

Әсіресе, бауырды зақымдайтын және оның қызметіне ауыр нұқсан келтіретін А гепатиті вирусынан сақ болу керек.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз