Астанадағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде 19 жастағы жігіт асүй пышағымен сатушыларды қорқытып, электронды темекі беруді талап еткен, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Куәгерлердің айтуынша, жігіт вейп сататын сауда нүктесінің маңында жанжал шығарған. Ол сатушы қызды қорқытып, электронды темекі талап еткен. Қыз оның талабын орындаудан бас тартқаннан кейін жігіт сауда құрылғысын тепкілеп, көрші бутиктерге кіріп, келушілердің соңынан жүрген.
Оқиға орнына шақырылған полиция қызметкерлері 19 жастағы жігітті ұстап, полиция басқармасына жеткізді.
Кейін жігіттің денсаулығына байланысты мәселелері бары анықталған. Оны жедел жәрдем бригадасы тексергеннен кейін әкесінің жауапкершілігіне тапсырған.
Оқиғадан кейін полиция сауда орталығының әкімшілігіне келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау туралы ресми ұсыныс енгізді.