Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салалардағы жетістіктерін атап өтіп, елдің халықаралық аренадағы беделіне жоғары баға берген.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында жемісті ілгерілеп келеді. Барлық бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымызды достас халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында дәйекті түрде тереңдете береміз деп сенемін», – деп жазған Владимир Путин.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға тоқталып, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды атап өткен.
«Қазақ-қытай қарым-қатынасын ілгерілетуге ерекше мән беремін. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бірлесе күш жұмылдыруға, сондай-ақ халықтарымыздың игілігі үшін ықпалдастық мазмұнын байытуға әзірмін», – делінген Қытай басшысының жеделхатында.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп та Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау хатын жолдаған болатын. Ол екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалап, қалыптасқан байланысты одан әрі нығайтуға сенім білдірген.
Сонымен қатар Қазақстан Президентін Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев құттықтап, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың дамуына оң баға берген.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан тарихи қадам болғанын атап өткен.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанмен арадағы тарихи дәстүрге, өзара құрмет пен сенімге негізделген достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізген.
Ал Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның егемендік жылдарында мемлекеттілікті нығайту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және халықаралық аренадағы беделін арттыру бағытында елеулі жетістіктерге жеткенін атап өткен.
Айта кетейік, Қазақстанда Республика күні жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі. Бұл мереке 1990 жылы дәл осы күні Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануына орай белгіленген.