Тараз қаласының тергеу соты күндізгі уақытта 13 жастағы оқушы қызды ұрламақ болған екі күдіктіні қамауда ұстау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер көшеде автобус күтіп тұрған жасөспірім қызды күштеп көлікке отырғызуға әрекеттенген.
Алайда олардың заңсыз әрекетін сол маңнан өтіп бара жатқан 43 жастағы Нүркен Омаров байқап қалып, қызды құтқарып қалған.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері күдіктілерді бірден ұстады. Белгілі болғандай, олардың бірі бұған дейін психологиялық диспансерде есепте тұрған.
Күдіктілер өз әрекеттерін «үйлену мақсатында алып қашу» ниетімен түсіндірген.
Оқиғаға бейжай қарамай, дер кезінде көмекке ұмтылған Нүркен Омаровқа Ішкі істер министрінің атынан алғыс хат пен сый-сияпат табысталды.
Тұрған кезде бір машина келді де, сигнал беріп тоқтады. Қасымда қыз болды. Қызға «отыр машинаға» деді орысшалап, күштеп салмақшы болып жатыр екен. Мен «ей, тоқтаңдар, не істеп жатырсыңдар, тоқтаңдар, қазір полиция шақырамын, алып кетпейсіңдер, сендер» деп, мен қызды алып қалдым, — деді Н. Омаров.