$ 469.52
 553.75
 6.15

Педагог қызметін бағалау жүйесі жаңарады

Редактор
20.04.2026, 16:25
Фото: Оқу ағарту министрлігі
Фото: Оқу ағарту министрлігі
Жаңа жүйе педагогтің негізгі қызметіне кедергі келтірмей, керісінше оны қолдауға бағытталады.

Қазақстанда педагогтерді аттестаттаудың жаңа моделі пилоттық режимде енгізіле бастайды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, жаңартылған тәсіл мұғалімнің жұмысын тек академиялық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен оқушының тұлғалық дамуына қосқан нақты үлесі арқылы бағалауды көздейді.

Педагог-модератор санатына қойылатын талаптар қайта қаралады. Бұрын жыл сайын 5 ашық сабақ өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезеңі ішінде 4 сабақ өткізу жеткілікті. Сонымен қатар біліктілікті арттыру курстарының көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылады, - деді Шынар Ақпарова.

Оның сөзінше, педагогтің мектеп ішіндегі жобалар мен шығармашылық топтарға қатысуы, сондай-ақ сынып сағаттары мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізуі де ескерілетін болады.

Вице-министрдің мәліметінше, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші және педагог-шебер санаттарына да осыған ұқсас өзгерістер енгізіледі.

Қазіргі уақытта пилоттық кезеңге арналған бұйрық жобасы әзірленіп, келісу сатысында. Алдағы уақытта барлық мүдделі тарапқа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Өтпелі кезеңде педагогтердің құқығы толық сақталады. Аттестаттау тек қосымша қаржылық ынталандыру құралы емес, ең алдымен педагог қызметінің сапасын әділ бағалау тетігі ретінде қарастырылады, — деп атап өтті вице-министр.

Оның айтуынша, жаңа жүйе педагогтің негізгі қызметіне кедергі келтірмей, керісінше оны қолдауға бағытталады.

Яғни педагогтің уақыты артық есептілікке емес, оқушымен жұмыс істеуге жұмсалуы тиіс, - деді Шынар Ақпарова.