Павлодарда қыз ұзату тойынан кейін 30 дан астам адам астан уланды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Олардың 20 сы ауруханаға жатқызылса, қалғандары амбулаторлық ем алып жатыр. Араларында 8 жастағы бала да бар. Бәрінде іш өту, қызу көрерілу белгілері бар. Осы оқиғадан кейін СЭС мамандары қонақтар ішіп-жеген азық-түліктен сынамалар алып, оның қорытындысы шыққанша мейрамхананы жауып тастады.
Менің ұзату тойымнан кейін 50 шақты адам хабарласты. Туған туыс жора жолдастар. Менің әкем, бауырларым, апаларым, ағаларым мен жолдастарымыз ауруханада жатыр. Барлығының қызуы 40 градусқа жеткен. Іштері өтіп жатыр. Мейрамханаға барғанымызда онда СЭС мамандары тексеру жүргізіп жатыр екен. Сынамалар алды. Ал мейрамхана басшылығы бізбен сөйлесуден де бас тартты, - деді Азиза Исабай.
Өткен сенбіде болған тойдың ертеңіне ақ салтанатта болған қонақтар шағымдана бастаған. Той иелерінің өздері де сау емес. Айтуларынша, мейрамхана өз тарапынан 4 салат пен 3 тіске басар тағам ұсыныпты. Күмән солардың асында дейді. Ет пен тәттілерді өздері апарған.
Мамандар мейрамханада желінген тамақтың барлығынан және ыдыс аяқтардан сынамалар алды. Онда жұмыс істейтіндерден де сальмонеллез бен стафилококқа анализдер алынған.
Сонымен қатар, тойхананың санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы қорытындысы жоқ болып шығыпты. Яғни, нысан заңсыз жұмыс істеген. Сондықтан 8 ші маусым күні оның жұмысын тоқтату туралы арнайы қаулы шығыпты.
Біздің қаулымен медициналық бақылаудан өтпеген мейрамхананың 7 жұмысшысы жұмыстан шеттетілді. Тексеріс қорытындысы бойынша материалдар іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына жолданатын болады. Алдын ала диагноз: бактериялық ішек инфекциясы. Бүгінге дейін 34 адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Оның 20 сы стационарға жатқызылды, - деді Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.