Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдауы мен нәтижелі келіссөздер үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ Оман басшысы Тоқаевты өз еліне сапармен келуге шақырды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Хайсам бен Тарик Әл Саид соңғы жылдары Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен үкіметаралық комиссияның жұмысы екі ел ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге берік негіз қалыптастырған.
«Оман Қазақстанмен өзара іс-қимылға үлкен мән береді. Соңғы жылдары екіжақты ынтымақтастықтың алған серпінін құптаймыз. Жоғары деңгейдегі сапарлар алмасу және бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы ынтымақтастығымызды анағұрлым жоғары деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін берік негіз қалады», – деді Оман сұлтаны.
Оман тарапы Қазақстанмен энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік және логистика, қаржы қызметтері, туризм, технологиялар мен жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі.
Хайсам бен Тарик Әл Саид Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын негізгі сауда дәліздерінің бойында орналасқанына назар аударды. Ал Оман порттары Парсы шығанағы, Үнді мұхиты, Азия және Африка нарықтарына тікелей теңіз жолын ашады.
Осы мүмкіндіктерді біріктіру екі мемлекет үшін жаңа сауда және логистикалық бағыттарды дамытуға жол ашуы мүмкін. Атап айтқанда, Оман порттары арқылы сауда дәлізін дамыту және Қазақстан мен Оман арасындағы әуе қатынасын күшейту көзделіп отыр.
Кездесу барысында Оман сұлтаны Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне қолайлы уақытта Оманға ресми сапармен келуге шақырды.