Мәдениет

Нұрпейіс Байғанин жасаған көне домбыраны шөбересі қайта жаңғыртып жатыр

15:19, 25 маусым 2025 45

Ұлттық домбыра күні қарсаңында халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің шөбересі Нұрбек Алпамысұлы Байғанин тарихи мұраны жаңғырту мақсатында ерекше жобаны жүзеге асыруда, деп жазады bairaqmedia.kz. Ол өзінің бабасы – Нұрпейіс Байғаниннің ұлы Момын Байғанинге жасап берген көне домбырасын қайта жасап, ұлт жадын тірілтіп отыр.

Аспаптың түпнұсқасы толық сақталмаған. Бүгінге дейін домбыраның тек құлағы жеткен. Дегенмен, дәл осы бөлшек Нұрбекке үлкен шабыт сыйлап, тарихи домбыраны түпнұсқасына барынша жақын етіп қалпына келтіруге түрткі болған көрінеді.

Нұрбек Байғанин қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Визуалды өнер мамандығының 3-курс студенті.Ол бабасының домбырасы тұтас қазақ халқына тиесілі мұра дейді.

«Нұрпейіс атамның қолынан шыққан бұл домбыра – біздің әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының киелі мұрасы. Момын атамның бала кезінде бұл домбыра сынып,  бірнеше рет жаңғыртылған,  негізгі түпнұсқада домбыраның құлағы ғана сақталып қалды. Бірақ дәл осы бөлшек – тұтас тарихтың символы іспетті. Мен осы негізде домбыраны қайта жаңартып, рухани мұраны жаңғыртып жатырмын», – дейді жас шебер.

Қ. Жұбанов университетінің жанынан құрылған өнер шеберханасында жасалып жатқан бұл жұмыс – тарихи жадты тірілтудің, ұрпақ сабақтастығының және ұлттық өнерге деген құрметтің жарқын көрінісі. Оқу орнының оқытушылары да бұл жобаны жас буынның тамырына бет бұрып, рухани байлықты бағалауы деп есептейді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз