Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы рөліне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құру жолында тарихи оқиғалар мен тұлғаларға әділ баға беру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, әділеттілік – қоғамдағы ең жоғары рухани құндылықтардың бірі.
«Біз бәріміз біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстанды құру ісін қолға алдық. Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз. Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек дұрыс болады. Жаңа партияға «Әділет» атауын бердік», – деді Президент.
Тоқаев тарихи үдерістерге әділ көзқараспен қарау қажеттігін айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды.
«Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе», – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, Президент ел тарихындағы тұлғалардың еңбегін бағалауда әділеттілік қағидатын басшылыққа алу қажеттігін жеткізді.