Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) саналы түрде балалы болудан бас тартуды насихаттайтын «чайлдфри» ұстанымына қатысты пәтуа жариялады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Мүфтият түсіндіруінше, «чайлдфри» – адамның өз еркімен ата-ана болудан бас тартуын қолдайтын көзқарас. Бұл ұстанымды жақтаушылар көбіне жеке еркіндікке, мансаптық дамуға басымдық беріп, бала тәрбиесіне байланысты жауапкершілік пен шығыннан бас тартуды себеп ретінде көрсетеді.
ҚМДБ мәліметінше, мұндай көзқарас исламдағы отбасы және ұрпақ жалғастыру қағидаттарына сәйкес келмейді. Діни басқарма неке құру мен ұрпақ өрбіту адам табиғатына тән құндылықтардың бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ мүфтият өкілдері исламда балалы болу ерлі-зайыптылардың ортақ құқығы саналатынын, сондықтан тараптардың бірі ұрпақ сүюді қаласа, екіншісі оған кедергі келтірмеуі керектігін жеткізді.
Сонымен қатар денсаулық жағдайына байланысты немесе бала тәрбиесіне дайындық мақсатында жүктілікті уақытша кейінге қалдыруға рұқсат етілетіні айтылды. Алайда бұл шешім өзара келісіммен қабылданып, денсаулыққа зиян келтірмеуі қажет.
Мүфтият мәлімдеуінше, тек жауапкершіліктен немесе материалдық қиындықтан қорқып балалы болудан саналы түрде бас тарту шариғатта құпталмайды.