Әлеуметтік желіде баласы ДЦП дертіне шалдыққан ананың видеосы кеңінен тарады. Алғашында бейнежазбаны полиция қызметкері жанашырлық ниетпен түсіріп, әріптестеріне жіберген. Алайда көп ұзамай видео желі қолданушылары арасында тарап кеткен.
Оқиғаға бей-жай қарамаған қазақстандықтар бірнеше күн ішінде Роза есімді ананың есепшотына 12 миллион теңгеден астам қаржы аударған. Жиналған қаражатқа ол Шымкент қаласынан баспана сатып алып үлгерген.
Журналист Ерқанат Көпжасардың айтуынша, ол Розамен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Әйелдің сөзінше, баласының денсаулығына байланысты жолдасы отбасын тастап кеткен. Соған қарамастан, ол ешқашан елден көмек сұрамағанын айтады.
«Жалғызбын деп ойласам, артымда халық бар екен ғой», – дейді ол көзіне жас алып.
Бұл жағдай қоғамда ерекше балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың жауапкершілігі, әке міндеті және адамгершілік құндылықтар туралы кеңінен пікірталас тудырды.
Көпшілік әлеуметтік желіде баланы тағдыр тәлкегіне тастап кету – адамшылыққа жат әрекет екенін айтып, ата-аналық жауапкершілікті ұмытпауға шақырды.