$ 450.69
€ 505.04
₽ 5.45

Мал сүйегінен табыс: Түркістанда 9 млрд теңгелік зауыт ашылды

Редактор
21.10.2026, 15:32
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жобаның бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынды

Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыт іске қосылды. Ірі қара мал сүйегін кәдеге жаратып, одан қосылған құны жоғары өнім өндіретін жаңа кәсіпорынды іске қосуға «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС 9 млрд теңге қаржы бағыттаған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі. Облыс басшысы өндіріс орындарының ашылуы өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында ірі қара мал сүйегінен май және пептон компоненттерін өңдейтін «Huating Biotechnology» зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуды тапсырған болатын. Заманауи технологияларды енгізе отырып, шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Түркістан облысы – мал шаруашылығы жақсы дамыған өңір болғанымен, біз оның әлеуетін толық пайдаланбай келеміз. Біздің міндетіміз – мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, оларды терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құндылық қалыптастыру. Бүгінгі бастама алдағы уақытта толыққанды өндіріс орнына айналып, осы жоба аясында тері өңдеу және желатин өндіру жоспарлануда. Бұл жоба өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосады деп сенемін. Осы сәтті пайдаланып, маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан арнайы Чжао Сюйдун мырзаға және «Huating Biotechnology» компаниясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін. Басталған іс сәтті жүзеге асып, кәсіпорын ұжымына табыс пен береке әкелсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

«Tangshan Huating Porcelain Co., LTD» компаниясының бас директоры Чжао Сюйдун облыс әкімдігіне жобаны жүзеге асыруға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, өңірдегі өндірістік әлеуетті дамытуға бағытталған жоспарларымен бөлісті. 

Кәсіпорынға Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 10 гектар жер учаскесі берілді. Жобаның бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Компания алғашқы кезеңде пептон компоненттерін өндіруді жоспарласа, алдағы уақытта желатин компоненттерін өндірмек. Қазіргі таңда кәсіпорында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы – жылына 5 мың тонна өнім. Өндіріс орнының іске қосылуы нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Айта кетейік, пептон – биотехнология, микробиология және фармацевтика салаларында қолданылатын маңызды компонент. Оны өндіру ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға және өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістік бағытты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іс-шара барысында лента қию рәсімі өтіп, қатысушылар кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралады. Зауыттың жұмыс барысымен компания басшысы таныстырып, өндірістің ерекшеліктері туралы мәлімет берді.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, ауыл шаруашылығы шикізатын ұтымды пайдалануға және инвестициялық ахуалды нығайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.