$ 485.34
 564.45
 6.53

Қызылордада қоршаған ортаны қорғау тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды

Редактор
05.06.2026, 21:28
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Президент саябағында өткен «Эколог сағаты» іс-шарасында мамандар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады.

5 маусым – Эколог күні және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Қызылорда қаласындағы Президент саябағында «Эколог сағаты» атты экологиялық танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты – тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатты қорғау мәдениетін насихаттау, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Бүгін Қызылорда қаласының Президент саябағында Эколог күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған «Эколог сағаты» атты экологиялық танымдық іс-шара өтті.

Табиғат аясында ұйымдастырылған кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық жауапкершілікті арттыру болды.

Іс-шараға экология саласының мамандары мен ғалымдары қатысып, өңірдегі экологиялық ахуал мен табиғатты қорғауға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің Қоршаған ортаны қорғау аға менеджері Хадиша Әбдібайқызы, Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Қызылорда филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Самалбек Оразбайұлы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің биология ғылымдары бойынша философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Нұргүл Сағындыққызы баяндама жасады.

Спикерлер қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сақтау мәдениетін дамыту, жасыл аймақтарды көбейту, су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған орта тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды мәселелерге тоқталды.

Кездесу барысында қатысушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, энергия мен суды үнемдеу, табиғатқа ұқыпты қарау және тазалық сақтау жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалардың маңызы түсіндіріліп, тұрғындар табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуға шақырылды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы мұндай іс-шаралар қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және тұрақты дамуға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау