$ 486.47
 554.77
 6.26

Қызылорда облысында ғасырлық тарихы бар Қазалы вокзалы қайта ашылды

Редактор
28.06.2026, 17:46
Қызылорда облысы әкімдігі
Қызылорда облысы әкімдігі
 Қазалы теміржол вокзалы ХХ ғасырдың басында салынған тарихи нысан саналады. 

Қызылорда облысының Қазалы ауданында қайта жаңғыртудан өткен Қазалы теміржол вокзалы пайдалануға берілді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Искалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты.

Облыс әкімі жаңа вокзал жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін беретінін атап өтті.

«Бүгін біз ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалын ресми түрде іске қосамыз. Күніне 350 жолаушы келіп-кететін, аумағы 8 860 шаршы метр ғимарат 1 млрд 290 млн теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылды. Жаңа нысанда аудан тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсетіледі деп сенемін», – деді Мұрат Ергешбаев.

Іс-шара барысында теміржол саласының қызметкерлері мен мердігер ұйым өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қазалы теміржол вокзалы ХХ ғасырдың басында салынған тарихи нысан саналады. Оның іргетасы Ақирек тауынан әкелінген тастан қаланып, қабырғасы күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Ерекше сәулеттік келбеті үшін 1980 жылы архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекеттік есепке алынған.

Қайта жаңғырту барысында ғимараттың іргетасы мен қабырғалары күшейтіліп, шатыры толық жаңартылды. Есік-терезелері ауыстырылып, күту залдары заманауи талаптарға сай жабдықталды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта жасалып, қауіпсіздік жүйелері, ана мен бала бөлмесі және медициналық пункт қарастырылды.

«Қазақстан темір жолы» қаржыландырған жоба аясында вокзал маңы да абаттандырылды. Бұған қоса биыл қаңтарда пайдалануға берілген теміржол үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірі Әйтеке би кентінің теміржолдың арғы бетінде тұратын 13 мыңнан астам тұрғыны үшін қауіпсіз қатынауға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау