Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық Бас мешіттің атауы өзгергенін жариялады. Енді еліміздің бас мешіті «Нұрсұлтан мешіті» деп аталады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Құрметті қауым! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілгенін хабарлайды. Осыған байланысты жаңа атау ресми қолданысқа енгізіледі», – делінген хабарламада.
Діни басқарманың мәліметінше, республикалық Бас мешіт тек Астана тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан мұсылмандары үшін ортақ рухани орталық болып қала береді.
«Мешіт халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді ілгерілетуге, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын таратуға, сондай-ақ иман мен адамгершілікке негізделген игі бастамаларды қолдауға қызмет етеді», – деп атап өтті ҚМДБ.
Сондай-ақ басқарма жаңа атауға қарамастан, мешіттің негізгі миссиясы өзгермейтінін мәлімдеді.
«Жаңа атаумен Бас республикалық мешіт халықтың рухани өміріне қызмет етуді жалғастырып, қоғамдағы өзара құрмет пен ынтымақты нығайтуға, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға және ізгі бастамаларды дамытуға үлес қоса береді», – делінген ресми хабарламада.