Қазақстандық еркін күрес шебері Мерей Базарбаев АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Отандасымыз 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Финалдық белдесуде Мерей Базарбаев Түркия өкілі Бекир Кесермен кездесті. Қазақстандық балуан қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 8:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Базарбаев әлем чемпионаты барысында бірнеше мықты қарсыласын жеңді. Алғашқы белдесуінде жастар арасындағы әлем чемпионы, америкалық Люк Лилледальды 3:1 есебімен ұтты. Кейін Франция өкілі Расул Галбураевтан 13:2 есебімен басым түсті.
Ал жартылай финалда жапониялық Дайто Кацумэні 7:0 есебімен жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алды. Осылайша, Мерей Базарбаев әлем чемпионатында төрт белдесудің барлығында жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына кезекті алтын медальді салды.
Айта кетейік, бұл — Қазақстан құрамасының аталған әлем чемпионатындағы үшінші алтын жүлдесі. Бұған дейін грек-рим күресінен Айбек Айтбеков (60 келі) пен Юсуф Ашрапов (72 келі) әлем чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ қазақстандық Шұғыла Өмірбек әйелдер күресінен қола медаль жеңіп алды.