Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев ұсталды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігі растады.
Тергеу әрекеттерінің жүргізіліп жатқанын заңгер Бауыржан Ахметжан хабарлады. Оның айтуынша, Нұрлан Серғалиев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған. Сондай-ақ оның жұмыс кабинетінде және тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізілгені айтылды.
«Қазіргі уақытта министрлікке ұсталу себептері мен таралып жатқан ақпаратта көрсетілген мән-жайлар белгісіз. Тергеу және өзге де процестік әрекеттерді жүргізу құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Министрлікке ресми сұрау түскен жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қажетті көмек көрсетіледі», – деп хабарлады Tengrinews.kz-ке Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.