$ 469.49
 552.59
 6.24

Қазақ халқы ұлт перзенті, Халық жазушысы Мұхтар Шахановпен қоштасты

Редактор
21.04.2026, 12:41
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Қоштасауға келген қырғызстандық жазушы Шолпонбек Абыкеев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың көңіл айту сөзін жеткізген.

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтті. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағаның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған bairaqmedia.kz.

Ұлт рухының жыршысын ақтық сапарға шығарып салуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, замандастары мен ақын шығармашылығын сүйер қауым, сондай-ақ сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және басқа да мемлекет қайраткерлері келген.

Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқыған сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл қаза қалың оқырманның қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болғанын атап өткен.

Сонымен қатар ақынмен қоштасауға келген қырғызстандық жазушы Шолпонбек Абыкеев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың көңіл айту сөзін жеткізген.

Қаралы жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Мұхтар Шахановтың қазаққа қалтқысыз қызмет еткен, руханиятқа өлшеусіз еңбек сіңірген сирек тұлғалардың бірі екенін айтты.

"Ол өткен ғасырдың сексенінші жылдары оқырман қауымға "Танакөз" поэмасымен танылып, әдебиетке ә дегеннен-ақ ерекше құбылыс болып енді. Бұл шығарма сол кездегі "Лениншіл жас" газетінде екі нөмірге толық жарияланып, оқырманға үлкен серпіліс әкелді. Содан бері Шаханов қазақ поэзиясының биік бір белесіне айналды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұсында, қазақ жастарының тағдыры қыл үстінде тұрған шақта, Шаханов Мәскеуде үлкен поэзиялық кеш берді. Бұл – сол кездегі тоталитарлық жүйеге қарсы жасалған батыл рухани қадам еді. Ақынның бұл кеші бірнеше сағатқа созылып, ол жерде ұлт, ел, жер туралы өршіл жырларын оқыды. Бұл – Жамбыл Жабаевтың Кремльде қазақша жыр оқыған тарихи сәтінен кейінгі ірі поэзиялық оқиға ретінде бағаланды.

Мұхтар Шаханов – Махамбет Өтемісұлынан кейін шындықты тайсалмай айтқан, ешкімнен қаймықпаған сирек ақындардың бірі. Оның азаматтық үні әрдайым халық жағында болды. Тайсалмады, тартынып қалмады. Егемендікке дейін де, егемендік жылдары да Ана тілінің айбынын көтеріп, абыройы үшін аз күреспеді. Мұнысына мұқым қазақ куә. Сөйте-сөйте ұлтының асыл перзентіне айналып кетті. Марқұмның жаны жәннаттың төрінде шалқысын!", - деді Мереке Әбдешұлы.