Таразда мектеп дәретханасында қатарласын соққыға жығып, бір көзінен айырған жасөспірімге сот үкімі шықты. Сотталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жәбірленушінің анасы төбелеске қатысқан өзге оқушылардың жазасыз қалғанына наразы, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға биыл сәуір айында мектеп дәретханасында болған. Жанжал кезінде ауыр соққы алған Дамир Сұраншиев бір көзінің көру қабілетінен айырылған. Тергеу барысында оған соққы жасаған жасөспірім анықталып, бұл дерек сараптама қорытындысымен расталған. Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Сот сотталушының кәмелетке толмағанын және кінәсін ішінара мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады сот.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Ал жәбірленушінің анасы Зухра Кәрімова сот шешімін әділ деп есептегенімен, оқиғаға қатысы бар басқа жасөспірімдердің де жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
«Топ болып жасалған шабуыл екенін біз әу бастан айтып келе жатырмыз. Ол бәріне белгілі. Топпен жасалған шабуылдан тек бір балаға 7 жыл берді. Мен келісемін, мен ойлаймын, бұл әділдік болды деп. Бірақ қалған қатысушыларды қудалауды тоқтатпаймын», – деді Зухра Кәрімова.
Анасының айтуынша, ұлының көзін қалпына келтіру үшін бұған дейін алты рет ота жасалған. Алайда дәрігерлердің әрекетіне қарамастан, жасөспірімнің көру қабілеті қалпына келмеген. Қазір Дамир тағы бір күрделі операцияға дайындалып жатыр. Жәбірленушінің отбасы оқиғаға қатысы бар деп есептейтін өзге балалардың да әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етуде.
Тақырып қосып, мәтінді ықшамдаҚайталанатын тұстарды қысқарт