$ 465.74
 537.23
 5.62

Қайрат Айтуғанов: Ауыл мен қала – бір елдің қос тірегі

Редактор
12.08.2026, 11:51
фото: «Ауыл» партиясы
фото: «Ауыл» партиясы
ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат,
«Ауыл» партиясының Төрағасы Қайрат Айтуғанов

Қазақстанның орнықты дамуы ауыл мен қаланы бір-біріне қарсы қоюға емес, оларды өзара тәуелді, біртұтас жүйе ретінде дамытуға негізделуі тиіс.

Ауыл – елдің азық-түлік қауіпсіздігін, еңбек ресурсын және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етсе, қала – өндіріс, ғылым, технология және экономикалық өсудің орталығы. Бірінің әлсіреуі екіншісінің де дамуына кері әсер етеді. Сондықтан, «Ауыл» партиясы құрылғаннан бастап ауылдық аумақтарды дамытуға басымдық бере отырып, ешқашан өз қызметін тек ауылдың мәселелерімен шектеген емес.

Біздің басты құндылығымыз – адам. Ол қай жерде тұрса да, сапалы өмір сүруге, еңбек етуге және өз әлеуетін жүзеге асыруға тең мүмкіндік алуы тиіс. Осы ұстаным партияның жаңа сайлауалды бағдарламасында да толық көрініс тапқан. «Қуатты өңірлер – қуатты орталық» қағидаты ауылды дамыту арқылы қалаларды нығайтуды, ал қалалардың дамуы арқылы бүкіл елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді. Біздің бағдарламамызда азық-түлік қауіпсіздігінен бастап инфрақұрылым, цифрландыру, тұрғын үй, жастар саясаты, экология және мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық бағыттар қала тұрғындарының да мүддесіне тікелей қызмет етеді.

Ең алдымен, ауыл шаруашылығының дамуы әрбір қазақстандықтың, әсіресе қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Қаладағы әр отбасының дастарханы ауылдағы еңбекпен, фермердің маңдай терімен тығыз байланысты. Демек, фермерді қолдау – сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту деген сөз. Сондықтан, «Ауыл» партиясы қалаларда отандық өндірушілердің өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз жеткізетін кооперативтік дүкендер желісін дамытуды ұсынуда. Бұл бастама қала тұрғындарына сапалы өнімді төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік берсе, фермерлер үшін тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етпек.

«Ауыл» партиясының саяси бағдарламасында ірі қалалар мен облыс орталықтарының айналасында азық-түлік белдеулерін қалыптастыруға да ерекше мән берілген. Осы мақсатта ауылдағы қоймалардан бастап қала маңындағы тарату орталықтары мен тұрғын үй аудандарындағы сауда орындарына дейінгі бірыңғай агрологистикалық желіні қалыптастыру ұсынылады. Өнімді сақтау мен жеткізу тетігі жетілдірілсе, азық-түлік шығыны азайып, тұтынушыға сапалы өнім уақытылы жетеді.

Қалалықтардың күнделікті өміріндегі ең өзекті мәселелердің бірі – коммуналдық қызметтердің сапасы мен тарифтердің әділдігі. «Ауыл» партиясы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды, тариф қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз етуді және олардың негізсіз өсуіне қоғамдық бақылауды күшейтуді қолдайды. Әрбір азамат өзі төлейтін қызметтің сапасын ғана емес, сол қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын да білуге құқылы.

«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасы - білім мен жастар саясатына да ерекше мән береді. Елдің болашағы – білімді әрі бәсекеге қабілетті жастар. Осы мақсатта мектептерде жұмыс берушілермен бірлескен бейіндік сыныптар мен оқу-өндірістік кешендерді дамыту ұсынылады. Бұл оқушылардың болашақ мамандығын ерте таңдауына және еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар студенттердің жұмыспен қамтылуын кеңейту, жастардың кәсіби тәжірибе жинауына жағдай жасау, қалалар мен ауылдарда спорттық және шығармашылық кеңістіктерді көбейту көзделген. Ал егде жастағы азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мемлекеттік қызметтерді еркін пайдалануға және интернет-алаяқтықтан қорғануға мүмкіндік береді.

Отбасы институтын нығайту да партия бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Жас отбасыларға, жас мамандарға және әлеуметтік сала қызметкерлеріне қолжетімді тұрғын үй мүмкіндігін кеңейту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, студент жастарды еңбекке баулу және олардың кәсіби қалыптасуына жағдай жасау – ауылға да, қалаға да бірдей маңызды міндеттер. Сонымен қатар партия әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын берік ұстанып, азаматтардың қауіпсіздігін күшейтуді қолдайды.

Экология мәселесі де ауыл мен қаланы бөліп қарамайды. Таза ауа, таза су, қауіпсіз орта – әр азаматтың негізгі құқығы. Сондықтан бағдарламада қалалардың жасыл инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Сонымен бірге қоғамдық бақтар, шағын бақшалар мен мектеп жылыжайларын дамыту арқылы қалалық агромәдениетті қалыптастыру ұсынылады. Ал азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғау мақсатында тәуелсіз Экологиялық омбудсмен институтын құру, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін енгізу де бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі. Осының барлығы «Ауыл» партиясының қызметі ауыл шаруашылығымен ғана шектелмейтінін айқын көрсетеді.

«Ауыл» партиясы ауыл мен қаланы бір-біріне қарсы қоймайды. Керісінше, олардың өзара байланысын күшейтіп, әрбір қазақстандықтың қай жерде тұрса да сапалы өмір сүруіне жағдай жасауды мақсат етеді. Өйткені қуатты өңірлер қалыптасқанда ғана қалалар орнықты дамиды, ал дамыған қалалар бүкіл ел экономикасының өсіміне серпін береді. Сондықтан, «Ауыл» партиясы – тек ауылдың емес, қаланың да, ең бастысы, бүкіл Қазақстан халқының мүддесін қорғайтын жалпыхалықтық саяси күш.

Шығарған ұйым: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Тапсырыс беруші: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Төленді: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қорының қаражаты есебінен.