Республика күні қарсаңында президент жарлығымен бірнеше азамат Халық әртісі атағына ие болған еді. Марапатқа ие болғандардың арасында опера әншісі Майра Мұхамедқызы бар.


Өнердегі еңбегі бағаланып, үлкен атақ алып жатқан Майра Мұхамедқызы бақытты екенін айтты. Бұл жайында qaz365.kz тілшісі әншінің  жаңалықты қалай қабылдағанын, қандай сезімде болғанын сұрап білді.

«Жақсылықтың ерте-кеші жоқ қой. Халық маған «Халық әртісі» атағын баяғыда беріп қойған. Қолымда тек сол қаулы, сертификаты ғана болған жоқ қой. Сондықтан бүгін Үкімет соны беріп, жарлық шығарып жатқанына мен өте бақыттымын. Әлемнің сахнасында Қазақстанның халық әртісі деген атқа лайық өнер көрсетіп-ақ жүрмін ғой. Енді сахнаға ұялмай, қысылып-қымтырылмай шығатын болдым. Әрине, күттім. Әсіресе, былтыр қатты күткен едім. Өйткені, «Қазақстанның халық әртісі» атағын орнына қайта қойды ғой. Сол кезде беріледі деп тізімде менің де атым жүрді. Бірақ маған берілген жоқ. Сонда жылап қалдым» - дейді әнші.

Майра Мұхамедқызы - қазақтың ең атақты опера әншiсi (сопрано), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Париждегі «Гранд Операда» Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі.

 «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері Кеңес Жұмабековке, Лидия Кәден, Ольга Коржева, Ирина Лебсак, Рехангүл Махпирова, Гүлжан Шынтемір және Әлихан Ыдырышева, опера әншілері Майра Мұхамедқызы мен Жәмила Баспақоваға, дирижер Абзал Мұхитдинов пен күйші Секен Тұрысбек, сондай-ақ белгілі әнші Майра Ілиясоваға берілді.