Алматыда Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жүсіпбек Елебековтің 120-жылдығына арналған ІІ республикалық колледжаралық дәстүрлі әншілер байқауы өтті.


Алматыда Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жүсіпбек Елебековтің 120-жылдығына арналған ІІ республикалық колледжаралық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Ән өнерінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековтің шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан байқауға еліміздің әр өңірінен 35 үміткер қатысты, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оның 15-і екінші кезеңге жолдама алып бақ сынады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Екі күнге созылған ән байқауына дәстүрлі әнші, Қазақстанның халық артисі Рамазан Стамғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Шүкіман, Жеңіс Сейдуллаұлы, «Құрмет» орденінің иегері Ерлан Төлеутай, Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Талғат Әбуғазы қазылық етті.

Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдуллаұлының айтуынша, ұлтымыздың дәстүрлі ән өнерін дәріптеуді мақсат тұтатын шараның мәдениет саласында ерекше орны бар.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды өнерпаздар екінші кезеңде Бас жүлде, 1-2-3 орынды, Дипломант атағын және «Көрермен көзайымы» жүлдесін өзара бөлісті.