Қоғамда кеңінен талқыланған аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ал осыдан екі жыл бұрын оның отбасы көпбалалы әрі өнегелі полиция әулеті ретінде көпшілікке таныстырылған болатын, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Аслан Әлсеров пен жұбайы Арайлым «Қайырлы таң, Қазақстан» бағдарламасына жеті баласымен бірге қатысып, отбасы құндылықтары, қызмет жолы мен бала тәрбиесі жайында әңгімелеген.
Ерлі-зайыптылардың таныстығы қызмет барысында басталған. Аслан Әлсеров ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полициясында бастаған. Кейін сол жерде болашақ жары Арайлыммен танысып, әріптестік сыйластық отбасылық өмірге ұласқан.
Бағдарламада Арайлым жұбайын таңдауда сырт келбеттен бұрын оның сабырлылығы, жауапкершілігі мен батылдығына мән бергенін айтқан.
Отбасы құқық қорғау саласымен қатар спорттағы жетістіктерімен де танылған. Аслан Әлсеров грек-рим күресімен айналысса, жұбайы джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанған. Балалары да дзюдо, самбо және джиу-джитсу бойынша халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар қыздары шығармашылықпен де айналысады.
Отбасының үлкен қызы Еркежан Қалиақпарова әкесін тәртіпті, талапшыл жан ретінде сипаттаса, анасын мейірімді әрі қамқор адам екенін айтқан.
Еске сала кетейік, 23 маусымда Алматы облысының Кеген ауданында ер адамның өртенген мәйіті табылған. Ол полиция қызметкерінің денесі екені расталды.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.