Аймақ

Жамбыл облысында алтынды заңсыз өндіргендер ұсталды

10:55, 19 маусым 2025 83

2025 жылғы маусым айында Жамбыл облысында «Ақбақай» кен орнында заңсыз алтын өндіріп, өңдеумен және тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Бұл туралы ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Арнайы операцияны полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы облыс прокуратурасымен бірлесіп жүргізді. Топ құрамына жергілікті тұрғындар, комбинаттың кейбір қызметкерлері мен қауіпсіздік қызметінің өкілдері кірген.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан кәсіпорынға 400 миллион теңгеден астам залал келген. Арнайы операция бір мезгілде елдің төрт өңірінде өтті, нәтижесінде 50-ден астам адам ұсталды. Жедел іздестіру шарасы барысында 6 келі алтын тәркіленіп, кен өңдеуге арналған 8 жасырын цех жойылды.

Қазір қылмыстық іс бірнеше бап бойынша тергеліп жатыр. Олардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу фактілері бар.

Сонымен қатар, алтын контрабандасының арналары, көлеңкелі айналым және түпкілікті бенефициарлар анықталып жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз